Кешен мақта өсіруден бастап киім дайындауға дейін толық өндіріспен айналысады деп жоспарлануда, деп хабарлайды CMN.KZ
Үкімет ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Түркістан мақта Агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС арасында инвестициялар туралы келісім жасасуды мақұлдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
«Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер көлемінде Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны құрылады», – делінген үкімет хабарламасында.
Инвестор ретінде қытайлық Xinjiang lihua (Group) Co., Ltd болады.
Бірінші кезеңде шетелдіктер жобаға 58 млрд теңгеден астам қаржы салады, ал инвестициялардың жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады.
Бұрын мұндай ауқымда пайдаланылмаған технологиялық шешімдерді енгізу жоспарлануда:
- жоғары тиімді тамшылатып суару жүйесі бар 196 сорғы станциясын салу;
- 500 км астам суару және тарату арналары;
- үш ірі сорғы кешені;
- үш трансформаторлық қосалқы станция;
- тыңайтқыштарды интеграцияланған беру жүйелері;
- әлемдегі жетекші өндірушілердің заманауи ауылшаруашылық техникасын – жоғары қуатты тракторларды, мақта жинайтын машиналарды, бүріккіштерді және мамандандырылған құрылыс техникасын пайдалану.
Сонымен қатар, кешен аумағында полиэтиленді қайта өңдеу және тамшылатып таспа мен иілгіш құбырларды шығару желісі құрылады.
«Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және мақта өсіруден бастап иірілген жіп, маталар мен киімдерді шығаруға дейінгі тұйық өндірістік циклды қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп қосты үкімет.

Қазір Қазақстанда жыл сайын 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі, оның 85%-ы экспортталады.

