Сот Даулет пен Толқын Тотақановтарға қатысты істі толық қарап, олардың ұлын емдеуге ақша жинау сылтауымен аса ірі көлемде алаяқтық жасап, кейін алынған қаражатты заңдастырды деген айып бойынша түпкілікті шешім шығарды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Сот ерлі-зайыптыларды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірден екі бабы бойынша кінәлі деп таныды:
-
190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – «Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық»;
-
218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)».
Осы қылмыстардың жиынтығы бойынша сот әрқайсысына орташа режимдегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім шығару кезінде сот ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Осыған байланысты Толқын Тотақанованың жазасын орындау екі жылға кейінге қалдырылды. Алайда оған қосымша шектеулер де белгіленді: сот оған 10 жыл бойы қайырымдылық мақсатта ақша жинаумен айналысуға тыйым салып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды.
Ал бұған дейін үйқамақта болған Даулет Тотақанов үкім жарияланғаннан кейін тікелей сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, бұл іс қоғам назарын ерекше аудартты. Тергеу нұсқасына сәйкес, Тотақановтар баласын емдеуге қажет деп жарияланған 50 млн теңгенің орнына шамамен 1,5 млрд теңге көлемінде қаражат жинаған. Қорғау тарапы барлық жиналған ақша баланың еміне және қарыздарды өтеуге жұмсалды деп, алаяқтық пен қаражатты заңдастыру туралы айыптарды жоққа шығарған.
Сот процесі бірнеше айға созылып, қоғамда кеңінен талқыланды. Шығарылған үкім ел бойынша резонанс тудырған бұл істегі соңғы нүкте болды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз