Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды CMN.KZ.

Кездесу барысында министр әлеуметтік-еңбек саласын дамыту бағытындағы жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндады.

Светлана Жақыпова президентке атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері туралы айтып берді. Жаңа шаралар әлеуметтік қолдаудың жеделдігі мен нақтылығын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына лицензия беру мен жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілетіні хабарланды. Бұл мақсатта кәсіби стандарттар әзірленіп, оқыту модульдері жасалған. Инклюзивті саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлеуметтік-құқықтық модельге көшу жұмыстары жалғасуда.

Министрдің айтуынша, 2024 жылы 804 мыңнан астам адам, оның ішінде 200 мың жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, 9 мыңға жуық азамат, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін грант алды.

Цифрлық карта арқылы еңбек дауларының алдын алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жүйе еңбек шарттарын бақылап, жұмысшылардың құқығын қорғауды қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саясатты жетілдіру және әлеуметтік-еңбек саласындағы шаралардың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version