Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай компартиясының Орталық Комитетінің халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды CMN.KZ
Мемлекет басшысы қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігі өсіп келе жатқан және болашаққа ұмтылғанын атап өтті.
«Бүгінде біздің берік байланыстарымыз мәңгі достық, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікке негізделген өзара тиімді мемлекетаралық ықпалдастықтың үлгісі саналады. Біз ҚХР-мен қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ Қазақстан тарапынан жан-жақты ынтымақтастықты нығайту үшін барлық қажетті шара қабылданады. Сонымен қатар мен Қытай Компартиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзамен достығымды өте жоғары бағалаймын», — деді ол.
Президент маусым айында екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысу үшін Астанаға келетін ҚХР Төрағасының сапары аясында стратегиялық серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері айқындалатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың көпжақты құрылымдар аясындағы көзқарастары ұқсас екенін атап өтіп, Төраға Си Цзиньпиннің халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына сай әділ әлемдік тәртіпті қалыптастыруды көздейтін жаһандық бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Лю Цзянчао Қазақстан көшбасшысына Си Цзиньпиннің жылы лебіздерін жеткізді. Оның айтуынша, айтуынша, Қытай Қазақстанды стратегиялық тұрғыдан маңызды серіктес ретінде қарастырады және қазақ-қытай мәңгі әрі жан-жақты әріптестігін тереңдетуге ерекше мән береді.
Сұхбат барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуын талқылады. Тоқаев екі елдің тауар айналымын ұлғайтып, көлік-логистика, энергетика және жасанды интеллектіні дамыту салаларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға орасан зор мүмкіндік бар екенін атап өтті.