Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында жол бойында ауыр соққыға ұшырап, зорланған қыз табылды деген ақпарат 23 қазан күні әлеуметтік желілерде таралды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Өзін алматылық шұғыл жәрдем дәрігері ретінде таныстырған әйелдің сөзінше, 18 жастағы қызды ол 23 қазан күні таңертең, жұмыстан үйге қайтып келе жатқан кезінде байқаған:
«Жол жиегінде үш көлік тұрғанын көрдім, алдымен жол апаты болды деп ойладым. Қыздың қолында жарақаттар болды. Куәгерлердің айтуынша, ол жол бойында тұрған екен де, кенеттен құлап қалған. Біз бірден 103 қызметін шақырдық. Кейіннен белгілі болғандай, оны біреулер соққыға жығып, зорлаған. Осыдан кейін ол өз-өзіне қол салуға әрекет жасаған. Қолында ғана емес, мойнында да жеңіл жарақаттар болды. Мен оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 103 қызметіне хабарластым».
Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметі CMN.KZ тілшісіне берген мәлімдемесінде бұл ақпарат Талғар ауданының полиция басқармасында тіркелгенін хабарлады.
«Қыз соққыға жығылып, зорланғанын мойындамады және шағым жазудан бас тартты. Дегенмен, полиция суицидке итермелеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», — деді департамент өкілдері.
Бұған дейін Атырау облысында 18 қазан күні жоғалған қыздың мәйітін үшінші тәулік іздестіріп жатқаны туралы хабарланған еді. Полиция мәліметінше, оны танысы өлтіріп, денесін Жайық өзеніне лақтырып жібергенін мойындаған.