Жамбыл облысының 85 жылдығы мерейтойы жұртшылыққа сездірмей, бейне бір құпия түрде өтті. Алайда, бұл шараны естігендердің көңілінде тек өкініш пен реніш қалды, деп жазады CMN.KZ.

Әкімдіктің мәлімдемесіне сенсек, торқалы той сән-салтанатымен ұйымдастырылғандай көрінді. Алайда, қарапайым халық бұл мерекені байқамағандарын айтып, наразылық білдіруде.

Жұма күні Жамбыл облысының 85 жылдығы атап өтілгені туралы әкімдік салтанатты хабарлама жариялады. Онда бұл мерекеге мемлекеттік және қоғам қайраткерлері еліміздің түкпір-түкпірінен келді деп көрсетілген. Шара барысында облысқа еңбегі сіңген азаматтарға марапаттар табысталып, қонақтарға арналған жиындар ұйымдастырылған. Мерекенің басты алаңы ретінде «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені таңдалған.

Алайда, бұл тойды сезінген қарапайым тұрғындар аз. Саудагерлер мен қолөнершілер орталық алаңда ұйымдастырылған жәрмеңкеге шақырылғанымен, келушілердің жоқтығын айтып шағымданды. Рукодельница деген атпен белгілі жергілікті кәсіпкер әйел Instagram-дағы стористе жағдайды айшықтап көрсетті. Ол сауда сөрелерін дайындап, сағаттап күткенімен, сатып алушылардың келмегенін айтып, ашуын білдірді.

– Бізге айтылғаны бойынша, шетелдік қонақтар келеді, үлкен мереке болады деді. Бірақ түске дейін бірде-бір адам келген жоқ. Тіпті, алаңда жүргендер студенттер мен ұйымдастырушылар ғана болды. Жәрмеңкеде сауда да болмады, – деді ол.

Әрең дегенде келген шенеуніктер жәрмеңкені елеместен, тікелей арнайы дайындалған киіз үйлерге қарай бет алды. Ал, студенттер бос алаңда суретке түсумен шектелді.

Той өтті ме, жоқ па?

Көптеген тұрғын бұл мереке туралы кеш естігендерін немесе мүлде хабарсыз болғандарын айтты. Әлеуметтік желіде тараған пікірлердің бірі халықтың ашу-ызасын жеткізді.

– Әкімдік ақшаны игерді ме? Игерді. Әдемі фотоларды түсірді ме? Түсірді. Қалғаны – маңызды емес сияқты. Халықпен бөлісетін ештеңесі қалмады, – деп жазды танымал пабликтегі бір қолданушы.

Жамбыл облысы 1939 жылы 14 қазанда Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының бір бөлігінен құрылған. Кейін 1993 жылы Джамбуль атауы Жамбыл болып өзгертілді. Бұл аймақ Жамбыл Жабаевтың есімімен аталған.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version