Қазақстан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың финалдық кезеңіне кірісті: бапкерлік штабтар бекітілді, шетелдік мамандар тартылды, сондай-ақ олимпиадалық форма келісілді. Айта кетерлігі, бұл жұмыстар бюджет қаражатынсыз жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды CMN.KZ
Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қысқы олимпиадалық спорт түрлерінің барлығында бас бапкерлер анықталғанын мәлімдеді. Бапкерлік штаб құрамына әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тәжірибесі бар мамандар енген.
2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына дайындықты күшейту мақсатында Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен 13 жоғары деңгейлі шетелдік бапкер-кеңесші тартылған. Олар мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон құрамаларымен жұмыс істеп жатыр.
Олимпиадалық форма
Экипировкаға қатысты бөлек жұмыс жүргізілуде. Техникалық талаптарды келісу және сапаны бақылау үшін министрлік, Ұлттық Олимпиада комитеті, ведомстволық ұйымдар мен танымал спортшылар қатысатын арнайы жұмыс комиссиясы құрылды.
Форманың эскизі бекітіліп, Халықаралық Олимпиада комитетіне келісуге жіберілген.
Министрдің айтуынша, жиынтық 22 позициядан тұрады. Оның құрамына ашылу және жабылу салтанаттарына арналған парадтық киім, жылы сыртқы киім, сондай-ақ жаттығу мен күнделікті киюге арналған экипировка кіреді. Негізгі қағида — форма бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынады.
Қазіргі таңда Қазақстанда:
-
мәнерлеп сырғанау бойынша екі жеке лицензия (Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров);
-
шорт-тректе — 9 лицензия;
-
конькимен жүгіру спортында — 12 лицензия бар.
Дайындық жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз