Түркістан облысындағы Созақ ауданының халқы желіде таралған бейнежазбадан кейін уранның радиациялық ағып кетуі туралы үрейге бой алдырды. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада ТОО «Kazatomprom-SaUran» полигонында апат болып, радиоактивті уранның төгілгені айтылды. Бұл хабар қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды, деп жазады CMN.KZ.
Алайда, осы жағдайға қатысты түсініктеме берген өндіріс бойынша бас директордың орынбасары Азамат Рахманбердиев бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
«Біз күн сайынғы есептерді алып отырамыз, жағдай тұрақты, ешқандай ағып кету тіркелмеген. Бейнежазбадағы адамдардың киімі де біздің қызметкерлерге сәйкес келмейді», — деп нақтылады ол.
Рахманбердиевтің айтуынша, бейнежазба көктемде немесе жазда түсірілген болуы мүмкін, себебі қазіргі полигондағы ауа райы мүлдем басқа.
Айта кетейік, CMN.KZ бұған дейін де хабарлағандай, 2024 жылдың жеті айында шетелге екі миллиард долларлық табиғи өңделген уран жіберілген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 54%-ға өскен.