Софья Самоделкина Олимпиадада ТОП-10 қатарына енді

Софья Самоделкина
Фото: Сали Сабиров, НОК

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан жарыс аяқталды. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан намысын Софья Самоделкина қорғады, деп хабарлайды CMN.KZ

Қысқа бағдарламадан кейін қазақстандық спортшы 12-орында тұрған еді. Еркін бағдарламада Самоделкина төрешілерден 138,99 ұпай алды.

ҰОК баспасөз қызметінің мәліметінше, жалпы есепте ол 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Қорытындысында Софья оныншы орынға тұрақтады.

Осылайша, Самоделкина қысқы Олимпиада ойындары тарихында Қазақстан әйелдер мәнерлеп сырғанауы бойынша ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, мықтылар ондығына енді.

Алтын медальді америкалық Алиса Лью (226,79 ұпай) иеленді. Күміс жүлде жапониялық Каори Сакамотоға (224,90) бұйырды. Қола медальді тағы бір жапониялық спортшы Ами Накаи (219,16) жеңіп алды.

Өз өнеріне баға берген қазақстандық спортшы Олимпиадада бар мүмкіндігін көрсеткенін айтты.

«Қазіргі сәтте өз максимумымды орындадым. Дайындағанның бәрін көрсете алдым. Өте бақыттымын. Жанкүйерлердің қолдауы керемет болды. Әлеуметтік желілерде Қазақстаннан арнайы ұшып келіп, ту ұстап жанкүйер болған адамдардың видеоларын көріп жатырмын. Тіпті Германиядан тәтем мен ағам арнайы келді», – деді Самоделкина.

Ол барлық жанкүйерлерге алғыс айтып, 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатынын мәлімдеді.

Еске салайық, ерлер арасындағы жекелей сында қазақстандық Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанған болатын.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска