Шығыс Қазақстан облысында 13 жастағы оқушы мектепке бомба қойылды деп жалған ақпарат таратқан. Жасөспірім бұл әрекетті жай ғана әзіл ретінде жасағанын мойындады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полицияның кезекші бөліміне мектепте жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына дереу жеткен құқық қорғау органдары мен кинологтар ғимаратты толық тексерген. Алайда, бұл ақпарат расталмады.
Жалған хабарламаны 13 жастағы оқушының өзі жасағаны анықталды. Ол мұндай әрекетке жай ғана әзіл ретінде барғанын түсіндірді. Полиция жасөспірім мен оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, заң бойынша ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
«Кәмелетке толмаған баланың тәрбиесіне қатысты міндеттерді орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Министрлік жалған хабар тарату әрекеттерінің салдары ауыр болатынын ескертті. Мұндай іс-әрекеттер үшін 14 жасқа толғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Заңсыз әрекет үшін 14,5 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал 14 жасқа толмаған балалар үшін жауапкершілік ата-аналарына жүктеледі. Сонымен қатар, осындай жалған хабарламадан туындаған материалдық шығынды да өтеу міндеттеледі.