Бұрынғы «Таза Өскемен» басшысы, сондай-ақ оның орынбасары және жергілікті кәсіпкерлердің бірі 120 млн теңге жымқырды деп күдіктелуде, деп хабарлайды CMN.KZ
АФМ өңірлік департаментінің ақпараты бойынша, 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізбей, өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, бюджеттік ақшаны аффилиирленген коммерциялық құрылымдардың шоттарына жүйелі түрде заңсыз аударған. Бұл ретте материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу туралы жалған құжаттар ресімделді.
«Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеу үшін битум мен құм сатып алу, су айдау үшін цистерналары бар арнайы техниканы жалға алу, сондай-ақ орнатылған 23 аялдама павильонын дайындау үшін материалдар сатып алу туралы жалған мәліметтер көрсетілген», – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Тергеу мәліметтері бойынша, қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналды және схемаға қатысушылар арасында бөлінді.
Күдіктілер қылмыстық табыстарға Өскеменнің элиталық тұрғын үй кешені пәтерлерін, «BMW X6M», «Subaru Forester», сондай-ақ соттың санкциясымен қамауға алынған жер учаскелерін сатып алды. Кәсіпорынның бұрынғы директоры екі айға қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.
Бұған дейін Қазақстанда еліміздегі реверсивті қозғалысы бар алғашқы үш жолақты жол салынатыны туралы белгілі болды. Ол Ақмола облысында – Көкшетаудан Зеренді курортына дейін жерде болады.

