Шымкенттегі Студенттік қалашық шағынауданында бір подъезде үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды CMN.KZ
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше күн бойы подъезде газдың иісі сезілген. Алайда ешкім тиісті шара қолданбаған.
Алғаш болып 20 жастағы студент қыздың мәйітін пәтер иесі тапқан. Ол үйді тексеруге келген кезде ванна бөлмесінің есігі ішінен жабық тұрғанын байқайды. Есікті ашқан кезде қыз тіршілік белгісін бермеген, ол ваннада жатқан. Пәтер иесі бірден полиция мен құтқарушыларды шақырған.
Подъезді тексеру барысында қызметкерлер тағы үш адамның мәйітін анықтады. Бір пәтерде 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі табылса, екінші қабаттағы басқа пәтерден 23 жастағы жігіттің мәйіті табылған.
Қалалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
«Адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Шымкент қалалық ПД.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз