3 наурыз кешінде Семейдегі Bala Park балалар ойын-сауық орталығында шыққан өрт сөндірілді, деп хабарлайды CMN.KZ.
Абай облысының полициясы өрт туралы хабар 19:10-да түскенін мәлімдеді. Оқиға орнына жедел қызметтер мен полиция бірден жеткен. Адамдар ғимараттан шығарылып, айналасы қоршауға алынды.
Семей қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ержан Сүлейменовтің айтуынша, оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері жұмыс істеді.
«Bala Park балалар ойын-сауық орталығында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Қазір оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. 120 қызметкер мен 21 техника жұмылдырылды. Су үздіксіз беріліп отыр. Жедел штаб құрылды», – деді Сүлейменов.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өртті сөндіру кезінде қабатаралық жабынның бір бөлігі опырылғанын хабарлады.
«Өртті сөндіру барысында қабатаралық жабын құлады. Өртті сөндіру жұмыстары жоғары өрт жүктемесі, қою түтін және ғимараттың конструкциялық ерекшеліктеріне байланысты күрделенді», – деп мәлімдеді ведомство.
Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев тұрғындарды тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.
«Алты адам медициналық көмекке жүгінгені расталды. Қараудан кейін бесеуі үйіне жіберілді. 2007 жылы туған қыз ауруханаға жатқызылды, жағдайы тұрақты. Басқа зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тек сенімді дереккөздерге сенулеріңізді сұраймыз», – деді әкім.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Кадрларда адамдардың ғимараттан жүгіріп шығып жатқанын көруге болады.
UPD: Өрт толықтай сөндірілді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз