Өткен демалыс күндері Парижге жақын орналасқан Ройямонт аббаттығында тарихи әрі мазмұнды білім беру шарасы өтті. XIII ғасырлық аббаттық қабырғасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген үш жүзге жуық танымал тұлғалар, саясаткерлер, мәдениет қайраткерлері мен дипломаттар бас қосып, білім беру мен заманауи технологиялардың өзара байланысын талқылады, деп хабарлайды CMN.KZ.

Жиынның модераторы әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің қатарындағы танымал инфлюенсер Линда Перейра болды. Ол екі күн бойы білім беру саласындағы өзекті тақырыптар мен технологиялық трендтерді қозғап, қатысушыларды пікірталасқа шақырды. Шара білімнің қоғамдағы рөліне баса назар аударып, оның болашақтағы маңыздылығын айқындады.

Шараның негізгі оқиғасы – қайырымдылық кеші мен аукцион. Ауқымды кеште журналист әрі жазушы Марек Хальтер, «Алтын глобус» кинофестивалінің жетекшісі Хелен Хон, модель Сабрина Эльба, танымал актриса Элла Траволта, инфлюенсер Санта Димопулос, сондай-ақ Францияның Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен опера әншісі Аксель Сен-Сирель сияқты атақты тұлғалар бой көрсетті.

Аукционда жас суретшілер мен дизайнерлердің шығармалары ұсынылып, өнер сүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Олардың ішінде суретші Бубу тірі раушан гүлдерін қолданып жасаған ерекше перформансымен таңдандырды. Бұл туынды аббаттықтағы ауқымды шараның шарықтау кезеңіне айналды.

Шара аясында Қазақстанның танымал журналисті, продюсер әрі сценарист Элизабет Крецтің «Art in you» атты қысқаметражды фильмі де ұсынылды. Фильм инклюзивті білім беру мәселелерін қозғап, дамушы елдердегі білім деңгейін көтеруге арналған халықаралық ұйымдардың жұмысына назар аудартады.

Жиналған қаражаттың барлығы БҰҰ-ның білім беру саласындағы қайырымдылық және даму бағдарламаларын қолдауға бағытталады. Ұйымдастырушылар бұл шараны жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналдыруды жоспарлап отыр. Келесі жылғы білім беру шарасы да өзінің тарихи мән-маңызымен ерекшеленетін жаңа архитектуралық нысанда өтеді деп күтілуде.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version