Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ брифингінде газ құбырының бұзылу оқиғасының ақыры қалай аяқталғаны туралы журналистерге баяндады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының бес әскери көлігі 2024 жылдың қазан айының соңында Сайқын ауылына кіріп кеткен болатын. Газ құбырына зақым келген сәттің видеосы әлеуметтік желілерде лезде тарап кетті.
Өңір басшысының айтуынша, Ресей әскери техникаларының Қазақстан аумағынан өтуі халықаралық келісімге сәйкес жүзеге асырылған.
«Ресей әскерилерінің полигонда оқу-жаттығулары жүріп жатқан уақытта, олар Сайқын ауылы арқылы өтуге мәжбүр болды. Апта бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан, жолдардың жағдайы нашарлап, тікелей ауыл орталығынан өтуге тура келді. Барлық маршруттар алдын ала келісілген еді. Өту кезінде бір көлік газ құбырына тиіп кеткені рас, алайда газ құбырына зиян келген жоқ», — деп түсіндірді Төреғалиев.
Әкімнің айтуынша, оқиға заң аясында қаралып, қазақстандық құқық қорғау органдары ресейлік бөлімше командирін бірден ұстаған. Әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті айыппұл салынған.
«Оны сол жерде тоқтатып, әкімшілік хаттама бірден толтырылды, айыппұл салынды», — деді әкім.
Еске сала кетейік, Бөкей ордасы ауданында Ресей Федерациясы Қазақстаннан 100 шақырым жерде орналасқан полигонды жалға алады. Сол аймақта Ресейдің екі әскери бөлімі де орналасқан.