Қыз алып қашу мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл әрекетті қылмыстық жауапкершілікке тартатын арнайы бап енгізуді ұсынды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Оның айтуынша, алып қашу құрбандарының көпшілігі құқықтық қорғаусыз қалып, өздерінің әділдікке жету мүмкіндіктерінен айырылып отыр.
Мәжілістегі талқылау кезінде Мұрат Әбенов «қыз алып қашу» мәселесін әлеуметтік желілер мен мәдениеттегі көрсетілімдер арқылы насихаттау теріс пікір қалыптастыратынын айтты. Депутаттың пікірінше, мұндай жағдайлар адам құқықтарын өрескел бұзумен қатар, қыздардың психологиялық және физикалық жарақат алуына әкеледі.
«Қыз алып қашу әрекеті ұлттық дәстүр ретінде қалыптасқан деген пікірдің өзі қате. Бұл – қылмыс, әрі оны қолдайтын кез келген іс-әрекет заңмен қудалануы керек. Бүгінде заңда қарастырылған «адамды ұрлау» бабында біршама бос орындар бар. Егер адамды бірнеше күннен кейін босатса, қылмыстық жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігі бар. Бірақ бұл аралықта қыздың абыройы мен психологиялық жағдайына үлкен зиян келтіріледі», – деді депутат.
Депутат Еділ Жаңбыршин де әріптесінің ұсынысын қолдап, қыз алып қашудың ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретінін және бұл әрекеттің дамыған қоғам қағидаттарына мүлде сай емес екенін айтты.
«Әрқайсымыздың қызымыз бар. Олардың тағдырымен ойнауға ешкімнің құқығы жоқ. Қыз алып қашу дәстүр емес, бұл – адамдардың болашағын құрту. Егер жас жігіт қыздың келісімін ала алмаса, оны мәжбүрлеуге ешқандай моральдық негіз жоқ. Мұндай әрекеттерге нүкте қою керек», – деп мәлімдеді Жаңбыршин.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл мәселені қолдап, тиісті заңдарға өзгерістер енгізуді қарастыруды тапсырды.