Қостанай облысы, Жітіқара қаласында болған қайғылы оқиғада, таңғы 04:29-да үйде өрт шығып, толығымен жанып кеткен, деп хабарлайды CMN.KZ.
Өрт сөндірушілер 7 минут ішінде оқиға орнына жеткенімен, үйді құтқара алмаған. Өрт 06:08-де толығымен сөндірілген.
Өкінішке қарай, өрт кезінде үйде қалған алты баланың бесеуі бақилық болды. Тек 2011 жылы туған үлкен бала аман қалып, жарақатсыз құтқарылды. Құтқарушылар үйінділер арасынан балалардың денелерін тапты.
Алдын ала мәліметтер бойынша, «балалардың анасы сол түні үйде болмаған, құрбысына кеткен, ал әкесі түрмеде отырған», — деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр, өрт-техникалық зерттеулер жүргізілуде.