Алматының микроқаржы ұйымдарының басшылығы алаяқтық жасады деп айыпталуда. ҚМҚ деректері бойынша олар клиенттерді 30 млрд теңгеге алдады, деп хабарлайды CMN.KZ
Қаржы мониторингі агенттігінде «Creditum» МҚҰ, «Sofi Finance» МҚҰ, «Hava Finance» МҚҰ, «SF Offline» МҚҰ, «POS Credit» МҚҰ, «Сәлем Кредит» МҚҰ қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.
Ұйымдардың қызметі нәтижесінде 327 мыңнан астам адам зардап шеккені белгілі болды. Бұл ретте шығын 30 млрд теңгені құрады.
Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компаниялармен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған. Бұл ретте, кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ғана қарастырылған.
Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде, қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған.
«Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарына 1,8 млрд теңге көлемінде тыйым салынды, сондай-ақ 30 млрд теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды. МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды«, – агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Сондай-ақ оның жалпы құны 225 млн теңге көлемінде екі тұрғын үйі мен BMW X6, Toyota Tundra көліктеріне тыйым салынды.. Агентікте тергеу жалғасып жатқанын атап өтті.