ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бейбіт жиналыстар кезінде БАҚ қызметкерлерінің жаңа жұмыс ережелері мен киімі туралы бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл туралы ақпарат НҚА сайтында жарияланды. Бұйрық екі тараудан тұрады: жалпы жағдайы мен тілшінің бейбіт жиналыстардағы қызметінің тәртібі. Құжатқа сәйкес, келісілген митингілер кезінде жұмысты жүзеге асыратын БАҚ қызметкерлерінің өздерімен бірге тілші куәлігі және нысаны бойынша арнайы айырым белгісі болуға тиіс.

Бұл ретте тілші бейбіт жиналыста:
- хабарламалар мен материалдарды жинауды, өңдеуді, дайындауды жүзеге асырады, ақпаратты алып, таратады;
- көліктің, инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне, мүліктің сақталуына кедергі келтірмеуге, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтірмеуге тиіс;
- ұйымдастырушының және бейбіт жиналыстарға қатысушылардың, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірмеуге тиіс.
«Тілшінің кәсіби қызметін қамтамасыз ету үшін әкімдікке жіберілетін БАҚ-тың сұранысы бойынша журналистерді жедел баспасөз орталығымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды», – делінген құжатта.
Баспасөз орталығы тілшілерді осымен қамтамасыз етуі керек:
- фото-, бейнетүсірілім жасау және сұхбат алу үшін жеткілікті түрде көрінуді;
- электрмен жабдықтауды;
- өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жедел ден қою арқылы журналистердің қауіпсіздігін.
Бұл ретте, бұйрыққа сәйкес, әкімдік өз қызметкерлерін бейбіт жиналысқа жібереді, бұл адам тілшілерді жедел баспасөз орталығына дейін шығарып салады, оларға митинг ұйымдастырушылары мен қатысушыларынан сұхбат, түсініктеме алуға көмектеседі.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.