Энергетика министрлігінде бұған дейін Ресейдің қатысуымен салу жоспарланған үш жылу электр орталығының (ЖЭО) тағдыры қалай қалыптасып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды CMN.KZ

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жобалардың бірін Қазақстан қазірдің өзінде өз күшімен жүзеге асырып жатыр.

Әңгіме Көкшетаудағы ЖЭО туралы. Үкімет бұл жобаны өз бетінше іске асыру туралы шешімді жазда қабылдаған. Бұл жөнінде Қазақстан премьер-министрінің жұмыс сапары кезінде ресейлік тарап ресми түрде хабардар етілген.

«Жұмыстар қазірдің өзінде басталды. Күзде жер қазу жұмыстары қолға алынды, алаңды дайындау шамамен жарты жыл бойы жүргізілуде. Тапсырыс беруші – Энергетика министрлігі, жоба “Самұрық-Энерго” компаниясына берілді. Бұл компания аталған ЖЭО бойынша барлық жұмысты атқарады», – деп түсіндірді Ақкенженов.

Ал қалған екі жылу электр орталығына қатысты министр негізгі мәселе әлі де қаржыландыруға тіреліп тұрғанын айтты. Қазақстан тарапы Ресейден жеңілдетілген мемлекетаралық несие беру бойынша әлі күнге дейін жауап алмаған.

«Бұл мәселені ыңғайлы сәттерде көтеріп келеміз, алайда жеңілдетілген қаржыландыру бойынша нақты жауап жоқ. Егер жағдай алдағы уақытта да осылай жалғаса берсе, Қазақстан бұл жобаларды да өздігінен жүзеге асыруға мәжбүр болады», – деді министр.

Share.
Leave A Reply

Exit mobile version