Қазақстанның қорғаныс министрлігі CMN.KZ-ке Таяу Шығыстағы даулы аймақтағы бітімгерлерді шығару туралы сауалына жауап берді.
Наурыз айында қазақстандық әскери топ Сирияның Голан биіктігі аймағына аттанды. Бұл аумақтың көп бөлігін Израиль бақылауда ұстап отыр. Желтоқсан айында Башар Асад режимі құлағаннан кейін, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тарапынан террористік ұйым деп танылған «Хайят Тахрир аш-Шам» Сириядағы басым күшке айналды. Осылайша, жағдай күрт өзгерді.
Қазақстандық бітімгерлерге алаңдаушылық шілде айындағы ракеталық шабуылдан кейін күшейе түсті. Голан биіктігінде болған атқылау нәтижесінде 12 адам қаза тапқан, олардың көбі 10-20 жас аралығындағы балалар мен жастар. Times of Israel мәліметінше, оқиға солтүстіктегі друз қаласы Мадждал-Шамстағы футбол алаңында болған.
Қорғаныс министрлігі жолдаған ресми жауапқа сәйкес, «БҰҰ-ның қарусыздануды қадағалау күштері» миссиясының жауапкершілік аймағындағы жағдай өзгермеген. Сонымен қатар, қазақстандық бітімгерлер арасында зардап шеккендер жоқ екені расталды.
«Сирия мен Израиль арасындағы келісімді денонсациялау туралы ақпарат жоқ. БҰҰ бітімгерлік күштері миссия мандаты аясындағы міндеттерін жалғастырып жатыр. Қазақстандық контингенттің бұл миссиядан 2024 немесе 2025 жылдары шығарылуы жоспарланбаған», – деп мәлімдеді министрлік.
Еске салсақ, Голан биіктігінде наурыз айынан бері 139 қазақстандық әскери қызметкер мен штаб құрамында төрт офицер қызмет атқарып жатыр. База аумағында әскери техника мен өзге де мүліктер бар.