22 қазан күні Татарстан астанасы Қазан қаласында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіш-бюсті ашылды. Іс-шара Қазақстан президентінің БРИКС мемлекет басшыларының XVI саммитіне қатысу сапары аясында өтті, деп хабарлайды CMN.KZ.
Ашылу салтанатына Қазақстан мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Татарстан мәдениет министрі Ирада Аюпова, Қазандағы ҚР бас консулы Ерлан Ысқақов және Татарстан жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин қатысты. Сонымен қатар, іс-шараға қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері де жиналды.
Аида Балаева бұл ескерткіштің халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністіктің белгісі екенін атап өтті. Оның сөзінше, іс-шараның БРИКС саммиті аясында өтуі екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайта түседі.
Ескерткіш Қазан қаласының Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Бюст авторы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Нұрбол Қалиев.
Іс-шара барысында Ирада Аюпова Қазақстанның Ресеймен мәдени байланыстарды нығайтуға деген қызығушылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың нәтижесінде Қазақстаннан Қазанға сыйға берілген «Тайқазан» мүсіні және Абай Құнанбайұлының ескерткіші — достықтың көрінісі.
Салтанатты рәсім қазақ ақынының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен аяқталды.