Қарағанды полиция басқармасы бастығының орынбасары – полиция полковнигі Бекжан Құсаинов 53 жасында жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды CMN.KZ
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, 30 жылдан астам өмірін Отанға қызмет етуге, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қорғауға арнады.
Ол қызмет жолын 1992 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы аудандық Ішкі істер бөлімінде патрульдік-бекет қызметінде милиционер лауазымынан бастады.
«Ол әрқашан жоғары кәсіби біліктілігімен, өзіне және әріптестеріне талап қоя білетін қасиетімен, принцпшілдігімен, адалдығымен және адамдарға деген құрметімен ерекшеленді. Полиция полковнигі Құсаинов қызметіне адал, антына берік, шыншыл және қайырымды нағыз офицер болды», – делінген хабарламада.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесі және жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына орыны толмас қайғыларына ортақтасып көңіл айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысында полиция майоры оқу жаттығу кезінде қаза тапты. Көз жұмған Алдан Алиев 36 жаста болған. Апат оқу-жаттығу сабақтары кезінде орын алған.