Астанада өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) Кеңесінің сессиясында Ресей президенті Владимир Путин Украина мен Ресей әскерилерінің айырмашылықтары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды CMN.KZ.

Оның айтуынша, ресейлік сарбаздар өздерінің жауынгерлік рухымен және отан үшін күресуге деген шынайы мотивациясымен ерекшеленеді.

«Жеңіс үшін ішкі рух, патриотизм және отан үшін өзін құрбан етуге дайындық маңызды. Бұл қасиеттер ресейлік сарбаздарда бар. Ал украиндық әскери қызметшілердің бұл соғыстағы мақсаты қандай? Бандера идеологиясы үшін бе, әлде легитимділігін жоғалтқан неонацистік режим үшін бе? Олар заңды билік емес, сондықтан олар берген бұйрықтар да заңсыз», — деді Путин.

Ресей президенті ресейлік әскери күштер өзінің миссиясын анық түсінетінін айтты.

«Біздің сарбаздарымыз біледі, бұл — Ресейді жоюға талпынған күштерге қарсы тұрудың тарихи сәті. Қандай заманауи қару-жарақ жеткізілсе де, бұл алаңдағы жағдайды өзгерте алмайды. Бізде әртүрлі ұлт өкілдері бар: біреуі дұға оқиды, енді бірі Алладан көмек сұрайды. Бірақ барлығы бірге алға жылжып, ештеңеден қорықпайды», — деді Путин.

Путин өз сөзінде ҰҚШҰ елдерінің басшыларына әскери мәселелер бойынша талқылау үшін алғыс білдіріп, барлық елдердің әскери бөлімдерін келесі жылы Мәскеуде өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа қатысуға шақырды.

Сонымен қатар, ол Ресейдің жаңа «Орешник» қаруының қуатын атап өтті. Бұл қару ядролық әлеуетімен тең дәрежеде екені айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада өткен ҰҚШҰ кеңесінің сессиясында халықаралық және өңірлік жағдай талқыланып, оның қауіпсіздікке тигізетін әсері қаралды.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version