Құқық қорғау органдары интернетте танысу кезінде сақ болуға шақырып, нұсқаулық жариялады, деп хабарлайды CMN.KZ
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында «әйел іздеймін», «күйеу іздеймін», «байыпты қарым-қатынас іздеймін» деген мазмұндағы жазбалар жиілеп кеткен. Мұндай жазбалардың артында шынайы адамдар да, алаяқтар да болуы мүмкін.
«Қаскөйлер өзін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, белсенді түрде хат жазысады, көңіл бөліп, қысқа уақытта сенімге кіре алады. Уақыт өте әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласуы мүмкін», – деп ескертеді полицейлер.
Алаяқтық схемасы әдетте кезең-кезеңімен дамиды:
-
белсенді қарым-қатынас орнатып, эмоциялық байланыс қалыптастыру;
-
қиын өмірлік жағдай, ауру, шұғыл шығындар немесе «тиімді инвестициялар» туралы әңгімелер;
-
ақша аударуды сұрау, соның ішінде шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы;
-
қаражат алынғаннан кейін байланыс үзілетін немесе аккаунт бұғатталатын жағдайлар.
«Егер әңгімелесуші ақша аударуды сұраса, бейнеқоңыраудан және жеке кездесуден жалтарса, басқа адамдарға тиесілі болуы мүмкін фотосуреттерді қолданса – сақ болған жөн», – дейді ІІМ өкілдері.
Қазақстандықтарға интернеттегі таныстарға ақша мен жеке деректерді бермеу, фотосуреттер жібермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу ұсынылады.
Сондай-ақ әңгімелесушінің профилі мен ол туралы ақпаратты тексеріп, кез келген күмән туындаған жағдайда қарым-қатынасты тоқтатқан дұрыс екені ескертіледі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз