Мәжілісте мектептерде ұялы телефон қолдану ережесін қатаңдату мәселесі бірнеше рет талқыланды. Әңгіме смартфондарды тек сабақ кезінде ғана емес, үзілісте де пайдалануға тыйым салу туралы болып отыр. Бұл мәселеге қатысты пікірін кулуарда депутат Асхат Аймағамбетов білдірді, деп хабарлайды CMN.KZ.
Оның айтуынша, көптеген зерттеулер смартфондардың балаларды оқу процесінен қатты алаңдататынын көрсетеді.
«Зерттеулердің басым бөлігі бала сабақ кезінде қатты алаңдайтынын дәлелдейді. Қазақстанда да бірқатар жетекші мектептер – Bilim, Назарбаев Зияткерлік мектептері және басқалары – смартфон қолдануға тыйым салды. Меніңше, бұл дұрыс. Оқу процесі – ол оқу процесі», – деді депутат.
Аймағамбетовтің сөзінше, қазір тыйым салу туралы шешімді жеке мектептердің емес, Оқу-ағарту министрлігінің деңгейінде қабылдау идеясы қарастырылып жатыр. Бұл ел бойынша бірыңғай ереже енгізуге мүмкіндік береді.
«Көптеген директорлар “біз мұндай шешімді қабылдауға дайынбыз, бірақ ата-аналар тарапынан қысым бар” дейді. Әркімнің батылы жете бермейді. Сондықтан біз орталықтандырылған норманы ұсындық», – деп атап өтті ол.
Сонымен бірге депутат бастама әлі жұмысқа алынғанын, алда жұмыс тобы аясында талқылау болатынын айтты. Оған депутаттар, сарапшылар, ата-аналар қауымдастығы және ҮЕҰ өкілдері қатысады.
Аймағамбетов мектеп асханаларындағы төлем мәселесіне де тоқталды.
«Мен ата-ана ретінде бұл мәселені білемін. Егер телефон болмаса, ал төлем QR-код арқылы жасалса, қиындық туындайды. Сондықтан балама төлем тәсілдерін – мысалы, POS-терминал арқылы төлеуді қарастыру қажет», – деді ол.
Сондай-ақ депутат смартфонды толық алып қоймай-ақ, қолдануды шектейтін техникалық шешімдер бар екенін айтты.
Бастама бойынша түпкілікті шешім талқылаудан және пысықтаудан кейін қабылданады.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз