Комик бұл жағдайға қатысты түсініктеме бермейтінін айтты, деп хабарлайды CMN.KZ
Нұрлан Сабуровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны туралы алғашқы ақпарат 6 ақпан күні күндіз пайда болды. Осы уақытқа дейін әртіс бұл мәселеге ашық түрде пікір білдірмеген еді. Алайда 8 ақпан кешке ол Instagram парақшасында сторис жариялады.
«Баршаңызға сәлем! Қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірмеймін. Заңгерлер бар, олар барлық құзырлы органдармен бұл мәселені өз деңгейінде шешеді. Уақыт бәрін өз орнына қояды», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Сабуров өзінің шығармашылық жолы Ресейде 15 жыл бұрын басталғанын еске салды. Осы уақыт ішінде ол РФ-тың көптеген қалаларында өнер көрсетіп, көрерменнің жылы қарсы алғанын айтты.
«Шығармашылық дамуға мүмкіндік берген, әртіс ретінде қалыптасуыма жол ашқан елге алғысым шексіз. Ресейде де, одан тыс жерлерде де үлкен көпұлтты аудитория жинауыма себепкер болғаны үшін рақмет», – деп жазды комик.
Сөз соңында ол бұқаралық ақпарат құралдарынан отбасының жеке өміріне құрметпен қарауды сұрап, жазбасын:
«БАРШАҢЫЗҒА ИГІЛІК ТІЛЕЙМІН!» – деп аяқтады.
Айта кетейік, сторис жарияланғаннан кейін комиктің Instagram парақшасынан барлық жазбалар өшірілген.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз