2026 жылдан бастап мердігерлерге төлем тек нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін ғана жүргізіледі. Бұл жаңашылдық бизнес арасында алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды CMN.KZ
Қаржы министрлігі Мемлекеттік қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев бұл тәртіптің бұрыннан бар екенін айтып, оның құрылыс компанияларына кері әсер етпеуі тиіс екенін түсіндірді.
«Нысан толық аяқталып, мемлекеттік комиссия қабылдағаннан кейін ғана төлем жасалады. Бұл – соңғы нәтижені бақылау үшін қажет шара», – деді ол.
Оның айтуынша, мемлекет өз міндеттемелерін толық орындайды. Ал төлемнің кешігуі көбіне қазынашылыққа емес, нысанды қабылдау кезеңіне байланысты болады.
«Қабылдау актілеріне энергетика, су арнасы сияқты пайдаланушы ұйымдар қол қояды. Құжаттар түскеннен кейін төлемдер кідіріссіз жүргізіледі», – деп нақтылады Тоқбаев.
Цифрлық теңге не өзгертеді?
Брифинг барысында цифрлық теңге мәселесі де көтерілді. Билік бұл жүйе бизнесті қиындатпай, керісінше ашықтықты арттырады деп санайды.
«Цифрлық теңге – болашақ. Оның негізгі мақсаты – бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету», – деді комитет төрағасы.
Жаңа жүйе арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру немесе мақсатсыз жұмсау мүмкін болмайды – барлық операциялар бақылауда болады.
Сонымен қатар, цифрлық теңге есеп айырысуды жеделдетуге де ықпал етеді деп күтілуде.
Қазір жоба пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Болашақта ол қолма-қол және қолма-қолсыз төлемдермен қатар үшінші есеп айырысу түріне айналуы мүмкін.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз