Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желідегі даулы пікірлерге байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды CMN.KZ
Әңгіме өзін имам ретінде таныстырған адамның әрекеттері мен Наурызды «харам» деп атаған пікірлер төңірегіндегі талқылаулар туралы болып отыр.
Муфтият өкілдері бір адамның әрекетін бүкіл ислам дінімен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.
«Дінде кемшілік жоқ, кемшілік адамда болады. Сондықтан жекелеген адамдардың қателігі үшін исламды қаралауға болмайды. Бұл әрекеттер дін немесе муфтият атынан жасалмайды», – деді Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы.
Сондай-ақ ол исламда ажырасу құпталмайтын іс екенін, бірақ ерлі-зайыптылар өзара түсінісе алмаса, ажырасуға рұқсат етілетінін түсіндірді. Ал адамды мәжбүрлеп ажырасуға итермелеу және басқа адамға тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу шариғатта құпталмайды.
Муфтият дауға себеп болған Курбанали Ахмата есімді азаматтың басқармаға еш қатысы жоқ екенін де нақтылады.
Сонымен қатар, діни басқарма Наурыз мерекесін атап өтуге дін тұрғысынан тыйым жоқ екенін мәлімдеді.
«Бұл мерекеге қарсы пікір білдіретіндердің көзқарасы біздің ұстанымымызға сәйкес келмейді. Кейбір радикалды ағым өкілдері біржақты насихат жүргізуде. Біз олардың ықпалына қарсы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз», – деді Смайыл Сүйерқұлұлы.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз