Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды

Михаил Шайдоров, Олимпиада, чемпион
Фото: Сали Сабиров, НОК

Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі мәнерлеп сырғанаудан алғашқы олимпиадалық алтын медаль, деп хабарлайды CMN.KZ.

Милан мен Кортинада өткен Олимпиада ойындарының ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудағы шешуші жарыстары 14 ақпанға қараған түні өтті. Бұл сында Қазақстан атынан ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі Михаил Шайдоров өнер көрсетті.

Қысқа бағдарламадан кейін ол 92,94 ұпаймен бесінші орында тұрған еді, алайда еркін бағдарламада бірінші орынға көтерілді.

«Еркін бағдарламада қазақстандық төрешілерден 198,64 ұпай алып, жалпы қорытындысында 291,58 ұпай жинады. Ол бес төрттік секіру орындады», – деп хабарлады Ұлттық олимпиадалық комитет.

Михаил Шайдоров екінші орын алған жапониялық спортшы Юма Кагиямадан 11 ұпайдан астам артық нәтиже көрсетті. Үшінші орынды да жапониялық Шун Сато иеленді.

Михаил Шайдоров, Олимпиада
Фото: Сали Сабиров, НОК

«Мен бұл Олимпиадаға ұзақ жылдар бойы дайындалдым. Осы маусым бойы тек өз жұмысымды дұрыс атқаруды қаладым. Енді бәрі сәтті шықты. Бұл медальді бүкіл Қазақстанға арнағым келеді», – деді Михаил жарыстан кейін.

Спортшы қазақстандық жанкүйерлерге зор қолдауы үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Михаил Шайдоров Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, көрнекті қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің рухына тағзым етті.

«Менің медалім Денис Тен үшін де үлкен мәнге ие болар еді деп ойлаймын. Ол бізге жол ашты. Бұл жол ол үшін де, мен үшін де оңай болған жоқ. Спортқа қосқан үлесі үшін Дениске алғыс айтқым келеді», – деді чемпион.

Михаил Шайдоровтың олимпиадалық алтыны – Қазақстан үшін мәнерлеп сырғанаудан тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы алтын медаль. Сонымен қатар бұл – Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін Олимпиада тұғырының ең биік сатысына 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен ойындарда шаңғышы Владимир Смирнов көтерілген еді.

Милан мен Кортинадағы Олимпиадада әзірге қазақстандық спортшылар жеңіп алған жалғыз медаль – осы.

Михаил Шайдоровты жеңісімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Мемлекет басшысының шешімімен Олимпиада чемпионы «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапатталды.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска