Бүгін кезектен тыс XXVII сайлау конференциясында Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа президенті болып Марат Омаров сайланды, деп хабарлайды CMN.KZ.

Танымал футболшы, елдің үш дүркін чемпионы Давид Лория жаңа басшыны әлеуметтік желіде құттықтады.

«Марат Омаровты ҚФФ президенті лауазымына сайлануымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа басшының футболымызды жақсартуға бағытталған үлкен жоспарлары бар екеніне сенімдімін. Біз барлығымыз оның табысқа жетуіне мүдделіміз», – деп жазды Лория.

Марат Омаров кім?

1988 жылы дүниеге келген Омаров 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында Ұлыбританияның Йорк университетін «философия, саясаттану және экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2011 жылы Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде (LSE) әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.

Оның мемлекеттік қызметтегі мансабы 2012 жылы басталды. Омаров түрлі басшылық қызметтер атқарып, соңғысы – 2022 жылдың 16 тамызында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды.

Алдыңғы басшының орны босады

2024 жылдың қараша айында ҚФФ-ның бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов өз қызметінен кеткенін мәлімдеді. 2022 жылы сайланған Барменқұлов Астанада өткен жиналыста бұл шешімін ресми түрде жариялаған болатын.

Давид Лория да президенттік сайлауға қатысудан бас тартып, өз кандидатурасын Марат Омаровтың пайдасына алып тастағанын мәлімдеді.

«Бұл оңай шешім болмады, бірақ оны қабылдадым», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Share.

Leave A Reply

Exit mobile version