Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, мемлекетке сатқындық жасады деп сотталған Кәрім Мәсімов қазір де тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды CMN.KZ.
Редакцияның ресми сауалына ҰҚК берген жауабында, Мәсімовтің елордадағы комитеттің тергеу изоляторында екенін растады. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр:
- 218-баптың 3-бөлігі 3-тармағы: «Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру»;
- 366-баптың 4-бөлігі: «Өзге де аса ірі мөлшерде пара алу».
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың сәуірінде Астана соты Мәсімовті қаңтар оқиғасы кезінде билікті күшпен басып алу әрекеті, мемлекетке сатқындық және қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану бойынша 18 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған еді.
2024 жылдың маусымында Мәсімов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына рақымшылық сұрау туралы өтініш жолдаған болатын. Алайда 28 маусымда президент жанындағы рақымшылық комиссиясы бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Мәсімовтің аты төңірегіндегі дау-дамайлар толастар емес. Қараша айында бұрынғы күйеу баласы Азамат Капенов қылмыскерлер тізімінде пайда болып, іздестіру жарияланды.