Қазақстанда Конституциялық реформа бойынша өтуі мүмкін референдумның шамамен қанша қаржы талап ететіні белгілі болды. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, референдум өткізуге кететін шығын 12 млрд теңгеден аспауы мүмкін, деп хабарлайды CMN.KZ
Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген депутат нақты есептер әзірге жасалмағанын атап өтті. Себебі референдум бастапқыда жоспарланбаған, ал шығындарды инфляцияны ескере отырып қайта қарау қажет.
«Референдум бастапқыда қарастырылмаған, сондықтан шығындарды қайта есептеу керек. Бұл мәселені де Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қарайтын болады. Өзгерістер мен инфляцияны есепке алсақ, сома 12 млрд теңгеден көп болмайды деп ойлаймын», – деді Айдос Сарым.
Депутаттың айтуынша, түпкілікті сандар парламентте жан-жақты талқылаудан кейін ғана белгілі болады.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз