Бұл нысан Семей мен Өскемендегі станциялармен қатар, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп отырған ЖЭО жобаларының тізіміне кіреді, деп хабарлайды CMN.KZ
«Самұрық–Энерго» АҚ мәліметінше, жобаны толық аяқтау 2029 жылдың наурызына жоспарланған. Жақында құрылыс алаңына премьер-министр Олжас Бектенов барды.
Көкшетаудағы ЖЭО құрылысына 227 гектар жер бөлінген, ал күл-қож сақтайтын орын үшін тағы 130 гектар қарастырылған. Станцияның жобалық электр қуаты шамамен 240 МВт, ал жылу қуаты кемінде 520 Гкал/сағ болады.
«Қазір нысанда бастапқы жұмыстар аяқталды – күштік трансформатор орнатылды, уақытша жолдар салынды және құрылыс штабы тұрғызылды», – деді премьер-министр Олжас Бектеновке «Самұрық–Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Оның айтуынша, қала халқының өсуі мен өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып, болашақ ЖЭО-ның жылу қуатын тағы 300 Гкал/сағ-қа арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл үшін қосымша су қыздыратын қазандықтар орнату жоспарланған.
Мақсұтовтың сөзінше, сәуір айында жоба белсенді құрылыс кезеңіне өтеді. Ал негізгі жабдықтарды жеткізу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған.
Жоба экологиялық талаптарды да ескереді – станцияда «таза көмір» технологиясы енгізіледі. Түтін газдарын кешенді тазарту жүйесі төмен эмиссиялы жанарғыларды, катализаторларды және электрсүзгілерді пайдалануды қамтиды.
Станциядағы ерекше элементтердің бірі – күкіртті тазарту реакторы. Түтін газдарын өңдеу кезінде гипс түзіліп, оны құрылыс саласында пайдалануға болады. Осылайша, ЖЭО Қазақстанның Экологиялық кодексі талаптарына сай болады.
Олжас Бектенов Көкшетау ЖЭО-сының құрылысы өңір инфрақұрылымын дамыту және халықты сапалы әрі тұрақты электр және жылумен қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, тек Көкшетау қаласының өзінде 2035 жылға қарай жылуға деген сұраныс 840 Гкал/сағаттан асады деп болжанып отыр. Қалада жыл сайын 200–240 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, жаңа мектептер, ауруханалар мен спорт нысандары ашылып жатыр.
Жаңа станция іске қосылған соң өсіп келе жатқан сұранысты жабуға, қосымша қуат резервін қалыптастыруға және жылумен қамту жүйесінің тұрақты жұмысын ұзақ мерзімге қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба нәтижесінде Көкшетаудың 195 мыңнан астам тұрғыны, соның ішінде Станционный кентінің халқы жылумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар шамамен 600 көпқабатты үйге ыстық су беріледі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз