Канат Әміркіннің қызының суицид жасауға әрекеті: мектеп не деп жауап берді?

QSI Almaty International School
Фото: almaty.qsi.org

Өткен апта соңында кәсіпкер Қанат Амиркин қызының суицид жасауға әрекеттенгені туралы мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бұған себеп – мектептегі буллинг. CMN.KZ тілшілері осы жағдайға байланысты QSI Almaty International School әкімшілігінен ресми түсініктеме сұрап, бір аптадан кейін жауап алды.

Қанат Амиркин әлеуметтік желідегі жазбаларында қызы жекеменшік QSI Almaty International School мектебінде көрген қысым мен қорлаудың салдарынан өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтқан. Кәсіпкердің сөзінше, мектеп әкімшілігі буллингке дер кезінде әрекет етпеген, ал оқиғадан кейін баланың денсаулығы жайлы да қызығушылық танытпаған.

CMN.KZ тілшісі бастапқыда мектеп өкілдерімен телефон арқылы байланысуға тырысқан, алайда олар ресми сауал жолдауды сұраған. Сұраныс жіберілгеннен кейін редакция мектептен жауап алды.

Мектептің ресми жауабында былай делінген:

«Бір оқушыға қатысты орын алған жағдай мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және мектеп әкімшілігі тарапынан толық әрі жан-жақты қаралды. Ең алдымен, оқушы медициналық мекемеден шығарылып, қазіргі уақытта үйінде екенін хабарлаймыз. Осы күндер бойы мектеп оқушыны назардан тыс қалдырған жоқ, дәрігерлермен және анасы­мен тұрақты байланыста болды».

Алайда жауапта оқушының қыз бала екені ескерілмей, ер жынысты түрде аталған. Сонымен қатар, шағым түсіріп отырған әкесі – Қанат Амиркин туралы мүлде айтылмаған.

Мектеп өкілдері барлық тексерулер барысында уәкілетті органдармен толықтай ынтымақтастықта болғанын да мәлімдеді.

«Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша буллинг фактісі расталмады, ал сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды», – деп атап өтті мектеп әкімшілігі.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық балалар омбудсмені Диана Ерлан полиция тергеуді тоқтатты деген хабарламадан кейін де қосымша тексерулер жүргізілетінін айтқан болатын.

CMN.KZ мектептен буллингтің алдын алу шаралары туралы да сұраған. Бұл сұраққа оқу орны келесідей жауап берді:

«Мектеп оқушылардың эмоционалдық және әлеуметтік әл-ауқатын қолдауға, қауіптердің алдын алуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп келеді».

Мектептің айтуынша, оқу орнында екі бағдарлама жұмыс істейді: біреуі – жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға, екіншісі – тұлғалық және әлеуметтік дағдыларды дамытуға бағытталған. Бұл бағдарламалар буллингке тосқауыл болуы тиіс. Сонымен қатар, мәселелер алдымен сынып ішінде реттеледі, қажет болған жағдайда оқушылар кеңесшілерге жіберіледі.

Тағы бір шара ретінде:

«Мектеп директорымен ата-аналардың Coffee with the Director форматындағы тұрақты кездесулері өткізіледі, оған мектеп кеңесшілері де қатысады», – делінген жауапта.

Сонымен бірге, Қанат Амиркин әлеуметтік желіде оның QSI AIS-те оқуды жалғастырып жүрген басқа балаларының мектепке кіргізілмегенін жазған. Кәсіпкер бұл әрекетті оқу орны тарапынан қысым көрсету, яғни шантаж ретінде бағалаған.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска