Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының мәтіні жарияланды: не өзгереді?

конституция
Фото: gov.kz

31 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының мәтінін жариялады, деп хабарлайды CMN.KZ

Жобадағы Ата заң ел азаматтары, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды, ашық қоғамдық талқылауларды және жаңа нормаларды жан-жақты пысықтау нәтижесінде әзірленген.

Комиссия мәліметінше, реформаның бастау нүктесі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірпалаталы парламент құру бастамасы болды. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа Жолдауында жария еткен.

Осыдан кейін 2025 жылғы 8 қазанда парламенттік реформа бойынша Жұмыс тобы құрылып, оған белгілі құқықтанушылар, сарапшылар, партия фракциялары мен қоғамдық ұйым өкілдері енді. Азаматтар да e-Otinish және eGov порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдады.

Талқылау шамамен алты айға созылып, екі мыңнан астам ұсыныс қаралды. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы реформаның негізгі бағыттарын қорытындылады.

Бастапқыда өзгерістер шамамен 40 бапты қамтиды деп жоспарланған. Алайда жұмыс барысында түзетулер әлдеқайда ауқымды болатыны белгілі болды – олар Конституция мәтінінің 77 бабын, яғни 84%-ын қамтиды.

2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия жұмысын бастады. Оның құрамына 130 адам – Ұлттық құрылтай мүшелері, құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары мен сарапшылар кірді. Комиссияны Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова басқарды.

Комиссия сипаттамасында:

"Ата заңдағы концептуалдық өзгерістер мемлекеттің адамға бағдарлануын күшейтуге, Қазақстан халқының өзекті құндылықтарын көрсетуге және саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған", – делінген.

Негізгі өзгерістер мен жаңалықтар

Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің басты басымдығы ретінде жарияланған. Халық бірлігі, этносаралық және конфессияаралық келісім – мемлекеттіліктің іргетасы деп белгіленген.

Тәуелсіздік, егемендік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар қатарына енгізілді.

Алғаш рет Конституция деңгейінде:

  • Әділеттілік,

  • Заң мен тәртіп,

  • табиғатқа ұқыпты қарау қағидаттары бекітілді.

Мемлекеттік биліктің жалғыз қайнар көзі және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені нақты көрсетілді.

Жаңа Конституцияның өзегіне білім мен ғылым, мәдениет пен инновация алынды. Бұл – мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға емес, адам капиталына негізделетінін білдіреді.

Сондай-ақ алғаш рет цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтарын қорғау туралы норма енгізілді.

Құндылықтар мен құқықтар

  • Мемлекет пен діннің аражігі нақты ажыратылды, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілді;

  • Неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы деп белгіленді. Бұл норма дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және әйелдер құқығын күшейтуге бағытталған;

  • Адам құқықтары бүкіл Конституцияның мағыналық өзегіне айналды.

Институционалдық өзгерістер

Жобаға сәйкес:

  • Бірпалаталы парламент – Құрылтай құрылады. Ол 145 депутаттан тұрады, пропорционалды сайлау жүйесімен жасақталады, өкілеттік мерзімі – 5 жыл;

  • Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады – бұл заңнамалық бастама құқығы бар жоғары консультативтік орган;

  • Вице-президент институты енгізіледі. Ол Президент атынан қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен байланыс жүргізеді;

  • Адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияда бекітіледі;

  • Зияткерлік меншік құқығы қорғалады;

  • Азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтіледі, соның ішінде:

    • заңның кері күшіне тыйым салу,

    • кінәсіздік презумпциясы,

    • бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға жол бермеу;

  • Конституцияда "Миранда ережесі" бекітіледі.

Ұсыныстарды жинау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр.

Жаңа Конституция бойынша түпкілікті шешімді Қазақстан азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды.

CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз

Введите текст и нажмите Enter либо Esc для отмены поиска