Синоптиктердің ескертуінше, алдағы жексенбі күні қазақстандықтарға ауа райының қолайлы болуын күтуге болмайды, деп хабарлайды CMN.KZ
18 қаңтарда еліміздің бірнеше өңірінде қатты аяз күтіледі – ауа температурасы -40 градусқа дейін төмендейді. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ Абай облысының солтүстігінде суық күшеймек.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде ауа температурасы -45 градусқа дейін төмендейді.
«Қарағанды облысының батысы мен шығысында ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендейді, ал Жетісу облысында термометр бағаны -25–28 градус көрсетеді», – деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК.
Сондай-ақ Алматы облысының солтүстігі мен орталық бөлігінде де аяз күшейіп, ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендейді.
Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жауын-шашын күтіледі – жаңбыр мен қар жауады. Елдің солтүстік-батысында да қар жауады.
Ал еліміздің қалған аумағында антициклонның әсерінен аязды, бірақ жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Жалпы республика бойынша желдің күшеюі, көктайғақ және тұман күтіледі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз