Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Германия аумағында қаза тапқан қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша процессуалдық тексеріс бастады. Бұл туралы ведомствоның ресми хабарламасында айтылды, деп жазады CMN.KZ
Ресейлік ведомствоның іске араласуына марқұмның ата-анасының РФ Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин атына жолдаған өтініші себеп болған. Бұған дейін Айгүл Сайлыбаеваның анасы Қазақстан Президенті **Қасым-Жомарт Тоқаев**қа да хат жазып, істі жеке бақылауға алуды сұраған.
Іс жайлы не белгілі
Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының бұрынғы судьясы. Ол 2024 жылғы 3 маусымда Германияда із-түзсіз жоғалған. Туыстарының айтуынша, әйел күйеуінен көрген тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шағымданған. Сол уақытта оның енесі де жоғалып кеткен. Германия тергеу органдары енесін негізгі күдікті ретінде қарастырған.
Марқұмның денесі 2024 жылғы 16 маусымда Бенсхайм қаласының шетіндегі Эрлахе карьерінен табылды. Сараптама оның пышақ жарақаттарынан қаза тапқанын анықтаған. Сондай-ақ Айгүл Сайлыбаеваның жүкті болғаны белгілі болды.
Күдікке ілінгендердің қатарында марқұмның күйеуі Александр Донцов бар. Марқұмның анасы оның әйелінің жоғалғаны туралы полицияға хабарламағанын айтады. Тергеу дерегінше, дәл осы адам мәйітті тасымалдауы мүмкін. Сонымен қатар ықтимал сыбайлас ретінде туысы Владимир Василенко да аталады.
Неге тергеу тоқтап тұр
Қазақстанда бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілердің барлығы елден тыс жерде болғандықтан, тергеу іс жүзінде тоқтап қалған.
«Тергеу амалдарын жүргізу мүмкін емес, себебі олар Ресей аумағында жүр. Оларды Қазақстанға экстрадициялау қажет. Жуырда Донцовтардың Мәскеуде екені анықталды. Мен немерем Жаклин қазір анасының өлтірушілерімен бірге тұрып жатыр деп ойлаймын», – деді марқұмның анасы.
Ресей Тергеу комитетінің жауабы
РФ Тергеу комитеті тексерістің басталуына федералды телеарнада шыққан сюжет түрткі болғанын мәлімдеді:
«Бағдарламада Германия Федеративтік Республикасында Қазақстаннан барған әйелдің өлтірілгені айтылды. Қылмысқа енесі мен бұрынғы күйеуі қатысы болуы мүмкін, олар Германияда іс қозғалғаннан кейін Мәскеуде жасырынуы ықтимал», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Ресейде процессуалдық тексеріс жүргізіліп жатыр. Тергеудің ары қарайғы барысы мен шешімдер кейінірек хабарланатын болады.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз