Қазақстандық студенттер әскери кафедраларға eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бере алады. Қызмет 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолжетімді болады, деп хабарлайды CMN.KZ
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының түсіндіруінше, құжаттарды қабылдаудың жаңа форматы запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау бағдарламаларына іріктеуге қатысу процесін жеңілдетеді. Онлайн формат рәсімді барынша ашық әрі еліміздің барлық өңіріндегі студенттер үшін ыңғайлы етеді.
«Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлық алуға мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге запастағы лейтенант немесе запастағы кіші сержант әскери атағы беріледі», – делінген хабарламада.
eGov.kz порталы арқылы өтінішті бакалавриаттың күндізгі бөлімінде оқитын студенттер бере алады. Құжат қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Бұған дейін студенттер құжаттарды жоғары оқу орындарында қағаз түрінде тапсыруға мәжбүр болатын.
Өтініш жолдар алдында жүйе автоматты түрде үміткер туралы мәліметтерді тексереді. Атап айтқанда, психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлеріндегі есеп, мүгедектіктің және соттылықтың бар-жоғы анықталады.
Жеке басты куәландыратын деректер мен білім туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады.
Егер пайдаланушы Мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, байланыс нөмірі автоматты түрде енгізіледі, ал тіркелмеген жағдайда қолмен көрсету қажет.
Қызметті пайдалану үшін:
-
eGov.kz порталына кіріп, «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөлімін таңдау;
-
«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы әскери кафедраларға түсу үшін өтініштерді қабылдау» қызметін таңдап, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
-
қажетті деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
-
дербес деректерді пайдалануға келісім беру;
-
өтінішті қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен растау қажет.
Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.
Оң шешім қабылданған жағдайда өтініш берушіге уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат ұсынылады. Бас тартылған жағдайда бас тарту себептері көрсетілген уәжді хабарлама жолданады.
Өтінішті қарау мерзімі – құжат тапсырылған сәттен бастап бес жұмыс күніне дейін.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз