Қазақстанда жаңа мемлекеттік марапат – Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізіледі, деп хабарлайды CMN.KZ
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында жұртшылықпен кездесу барысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, тиісті жарлыққа жақын уақытта қол қойылады.
«Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуы тиіс деп санаймын», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарының бірінде Қожа Ахмет Ясауи туралы айтқанын да еске салды.
«Бұл әлемге әйгілі ойшылды ең алдымен қазақ халқының көрнекті өкілі ретінде қабылдауымыз керек. Оның мұрасын бүкіл әлемге кеңінен насихаттау қажет. Әсіресе ірі елдерде таныстыру маңызды, бірақ ең алдымен өз халқымыз оның шығармашылығын жақсы білуі тиіс», – деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев бұл тарихи тұлғаға арналған сапалы кітаптар мен фильмдер түсіру, сондай-ақ барлық өңірлерде оның зияткерлік мұрасына арналған оқулар ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз