Қазақстанның курорттық аймақтарында үш әуежайдың құрылысы аяқталып, тағы бірі қалпына келтіріледі. Сондай-ақ танымал туристік бағыттарға теміржол қатынасы күшейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды CMN.KZ
Министрдің айтуынша, биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі елді мекендеріндегі әуежайлардың құрылысы аяқталады. Сонымен қатар Арқалық қаласындағы әуежайды қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Осы жұмыстармен қатар 15 жаңа халықаралық әуе бағыты ашылады. Олардың ішінде Вена, Рим және Шанхай қалаларына рейстер бар.
Теміржол тасымалына да ерекше көңіл бөлінбек. Ұлттық вагон паркі 191 жаңа вагонмен толықтырылады. Ал жазғы маусымда 13 қосымша бағыт іске қосылып, шамамен 400 мың қосымша жолаушы орны қамтамасыз етіледі.
Автожол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Туристік маңызы бар бағыттарға апаратын 5 мың шақырым жол жөнделіп жатыр. Оның ішінде Жаңаөзен – Кендірлі және Өскемен – Қатонқарағай бағыттары бар.
Министрдің айтуынша, ең көп сұранысқа ие курорттарға ерекше назар аударылған. Мәселен, жазғы маусымда Алакөл бағытына Астана, Алматы және шығыс өңірлерден сегіз қосымша пойыз қатынайды.
«Сонымен қатар жол бойындағы сервисті дамытып жатырмыз. 2026 жылы 50 жаңа нысан салу жоспарланған. Бұл шаралар жол жүру уақытын қысқартып, туристер үшін жайлылықты арттырады», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Үкіметте авиациялық, теміржол және автокөлік инфрақұрылымын кешенді дамыту танымал бағыттардағы жүктемені азайтып, ішкі туризмді барынша қолжетімді етеді деп есептейді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз