Бұл тақырып Президенттің «Түркістан» газетіне берген сұхбатында қозғалған негізгі мәселелердің бірі болды, деп хабарлайды CMN.KZ
Айта кетейік, жыл басында дәстүрлі түрде БАҚ-қа сұхбат беретін басылым ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы газетті таңдаған.
Журналист Бауыржан Бабажанұлының «Ал билік транзиті туралы не айтасыз?» деген тікелей сұрағына Мемлекет басшысы қысқа әрі нақты жауап берді:
«Бұл туралы айтуға әлі ерте, алда бірнеше жылдық тынымсыз жұмыс тұр».
Сонымен қатар Тоқаев бір палаталы парламентке көшуге байланысты реформаны өз мүддесі үшін, Мәжіліс спикерінің лауазымын күшейту мақсатында жасап жатыр деген пікірлерді қиялға теңеді.
«Мұндай тұжырымдар менің саяси ұстанымдарыма мүлде қайшы. Мен Қазақстан – президенттік басқару нысанындағы мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Сегіз жыл бұрын, Ақордаға келмей тұрып-ақ, “Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасын ұсындым. Мемлекеттік жүйені жеке мүдде үшін түбегейлі өзгерту – аса жауапсыздық әрі, ашығын айтқанда, әдепсіздік болар еді», – деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы жақын уақытта алдағы реформаларға қатысты ұзақ мерзімді жоспарларының тағы бір бөлігін жариялайтынын айтты.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз