Өткен жылы бұл өнімнің экспорты шамамен алты есеге артты, деп хабарлайды CMN.KZ.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстан агроөнеркәсіптік кешеннің өңделген өнімдерін 3,2 млрд долларға экспорттаған.
Тек күнбағыс майының өзі 600 мың тонна сатылып, Қазақстан оның экспорты бойынша әлемде сегізінші орынға шыққан.
Министрдің сөзінше, бірқатар санаттар бойынша өткен жылы шетелге сату көлемі бірнеше есеге өскен.
«Макарон өнімдерінің экспорты 1,2 есеге өсіп, 54 млн долларды құрады, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер екі есеге артып, 72 млн долларға жетті, маргарин экспорты 3,5 есеге көбейіп, 51 млн доллар болды», – деді Сапаров.
Аграрлық сектордағы ең жоғары өсім балмұздақ экспортына тиесілі болды – шетелге жеткізілім 5,7 есеге артқан. Дегенмен ақшалай мәнде бұл көрсеткіш алдыңғы үш санаттан төмен – 47 млн доллар.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз