Банк өкілдерінің айтуынша, желіде корпоративтік сайтта жарияланған құжаттағы мәліметтер қате түсіндірілген, деп хабарлайды CMN.KZ
10 ақпанда kaspibank.kz сайтында «Kaspi Bank» АҚ-да операцияларды жүргізудің жалпы шарттары ережелеріне өзгерістер енгізу« атты хабарлама жарияланды. Оған өзгерістер көрсетілген кестесі бар құжат тіркелген.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 31 наурыздан бастап Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсетуі, оны қайта шығару және өзге де қызметтер 10 000 теңге болады деп көрсетілген. Сондай-ақ кестеде банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешу, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың шоттарын толықтыру және басқа да операциялар үшін 5% комиссия енгізілетіні туралы ақпарат бар.
Kaspi.kz мұндай құжаттарды жылына бірнеше рет жариялап отырады. Жоғарыда көрсетілген сомалар мен комиссиялар бұрынғы құжаттарда да болған. Алайда бұл жолы кестеде өзгерістер күшіне енетін нақты күндер көрсетілген.
Алайда Kaspi.kz өкілдері клиенттер үшін ешқандай өзгеріс болмайтынын айтып отыр. Олардың сөзінше, мәселе кестедегі мәліметтердің қате түсіндірілуінде.
"Интернетте Kaspi.kz тарифтері – Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсетуі мен қайта шығарылуы, Kaspi Pay шарттары және басқа банктердің карталарына аударым комиссиясы өзгерді деген ақпарат тарады. Бұған тарифтер туралы жаңартылған заңдық құжаттағы деректердің қате түсіндіріліуі себеп болды. Онда ҚР заңнамасына сәйкес шекті мәндер көрсетілген. Егер қандай да бір өзгерістер болса, біз әрдайым алдын ала және ашық түрде хабарлаймыз", – делінген банктің ресми хабарламасында.»
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз