Израиль Қорғаныс армиясы Иран аумағынан баллистикалық зымырандар ұшырылғанын тіркеді. Бұл – 28 ақпандағы америкалық-израильдік шабуылдарға Тегеранның алғашқы жауап соққысы екені хабарланды, деп жазады CMN.KZ The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Әуе дабылы Израильдің солтүстігінде, Хайфа мен Тель-Авивте және елдің орталық бөлігінде қосылған. Тұрғындарға дереу паналау орындарына жасырыну туралы ескерту жасалды. AFP мәліметінше, Иерусалимде бірнеше күшті жарылыс дыбысы естілген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сегіз минуттық видеоүндеу жариялап, Иранға жасалған соққыларды түсіндірген. Ол операцияның мақсаты – режимді құлату екенін айтып, ирандықтарды «билікті өз қолына алуға» шақырған.
«Ислам революциясы сақшылары корпусының, қарулы күштердің және полицияның мүшелеріне айтамын: қаруды тастаңыздар, сонда толық қол сұғылмаушылыққа ие боласыздар немесе сөзсіз өлімге тап боласыздар», – деді Трамп.
Өз кезегінде Ислам революциясы сақшылары корпусы «Ислам Республикасына қарсы агрессияға жауап ретінде» «оккупацияланған аумақтарға» бағытталған ауқымды зымыран және ұшқышсыз аппарат соққыларының алғашқы толқынын бастағанын мәлімдеді.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израиль мен АҚШ Иран режимінен туындайтын «экзистенциалды қатерге» қарсы операция бастағанын растады. Оның айтуынша, мақсат – аятоллалардың ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу. Израильдік БАҚ мәліметінше, операция бірнеше ай бойы дайындалған.
Шиеленістің ушығуына байланысты Израиль үстіндегі әуе кеңістігі жабылды, ал рейстер көрші елдердің әуежайларына бағытталуда.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз