«Ұлтты ДНҚ арқылы анықтайтын тестердің» танымалдығы артып келеді. Бірақ Қазақстанда бұл тақырыптың өзіндік ерекшелігі бар – адамдар ДНҚ арқылы өз руын білгісі келеді. Бұған туыстық байланыстардың үзілуі немесе басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Бірақ бұл шын мәнінде мүмкін бе? Осы сұрақпен CMN.KZ редакциясы Генетика және физиология институтының палеогенетика және этногеномика орталығының жетекшісі Лейла Джансугурова
Біз қойған негізгі сұрақ та осы болды: «Руды ДНҚ арқылы анықтауға бола ма?» Бірақ оған біржақты «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру мүмкін емес. Себебі бәрі әлдеқайда күрделі.
Неге бұл сұраққа нақты жауап беру қиын?
Біріншіден, қазақтардың барлығын ру-руға бөліп, жаппай генетикалық талдау ешқашан жүргізілген емес. Генетика институтында шамамен 3000 үлгі бар. Бұл аз емес, бірақ жер бетіндегі барлық қазақтың бар болғаны 0,02%-ы ғана.
Дегенмен, Лейла Джансугурованың айтуынша, бұл 3000 адамның барлығы өз шежіресін нақты білгендіктен, әртүрлі рулардың генетикалық көрінісін жалпы түрде сипаттауға мүмкіндік бар.
Y-хромосома және рулар
Қазақта ру әке жағынан, яғни Y-хромосома арқылы анықталады. Сондықтан әр рудың ішінде белгілі бір басым генетикалық желілер болады. Бірақ бір гаплогруппа бірнеше руда, тіпті әртүрлі жүздерде де кездесуі мүмкін.
«Мысалы, дулаттарда басым гаплогруппа – C2, ол үлгілердің 73%-ын құрайды. Бұл – Ұлы жүз. Ал керейлерді алсақ (Орта жүз), оларда да басым гаплогруппа – сол C2, үлесі 82,9%», – дейді Джансугурова.
C2 гаплогруппасы Қазақстанда ең кең таралған. Ол барлық руларда кездеседі және оның 6–7 түрлі тармағы бар.
«Бөтелке мойны» эффекті
Ғалымдардың дерегінше, C2 гаплогруппасы Орталық Еуразияда ерте орта ғасырлардан бері бар. Бірақ оның нақты қалай тарағаны белгісіз. Бұл Шыңғысхан империясының кеңеюімен де, немесе «бутылочное горлышко»(генетикалық тарылу) эффектісімен де байланысты болуы мүмкін.
Яғни, бір ғана немесе бірнеше адам белгілі бір гаплогруппаны алып келіп, соның ұрпақтары уақыт өте көбейіп кеткен болуы ықтимал.
Лейла Джансугурова мұны қазіргі заманнан мысалмен түсіндіреді:
1990-жылдары Алматы облысындағы шағын ауылға Моңғолиядан қандастар көшіп келеді. Олар – наймандар, ал ауылда бұрын тек жалайырлар тұрған. Бірақ отбасының әкесінің 11 ұлы болған. Қазір сол ауылда сол адамның ұрпақтары басым, ал жалайырлар іс жүзінде қалмаған.
«Дәл осылай, 800 жыл бұрын да C2 гаплогруппасын далаға бір ғана адам алып келуі мүмкін», – дейді ғалым.
Әр рудың ішінде де айырмашылық бар
Кез келген рудың ішінде ерекшеліктер болады. Мысалы, наймандарда басым гаплогруппа – O2, бірақ ол бар болғаны 47%. Қалған 53% – басқа гаплогруппалар.
«ДНҚ-сында O2 жоқ адамға “сен найман емессің” деп айтуға бола ма? Әрине, жоқ», – дейді Джансугурова.
Бұл жағдай арғындарда да, басқа руларда да кездеседі. Оның үстіне кейбір рулар тарихи тұрғыдан тайпалық бірлестіктер болған. Сондықтан бір рудың ішінде толық генетикалық туыстық бар деу қиын.
Адайлар мысалы: шежіре бар, ДНҚ бөлек
Ғалым бірнеше жыл бұрын болған қызық зерттеуді де еске алды. Адай руының өкілдері институтқа сүйектер алып келген. Олар бұл сүйектер Адай-атаның ұлдарының біріне тиесілі деп есептеген.
Зерттеу барысында Адай-атаның жеті ұрпақ тармағының ДНҚ-сы салыстырылды.
-
Бес тармақта Y-хромосома гаплогруппалары сәйкес келді;
-
Ал екі тармақта мүлде басқа гаплогруппалар анықталды.
Олардың бірі – өз шежіресін Адай-атаға тікелей жалғап жүрген ру ақсақалы.
«Оған “сен адай емессің” деп айтуға бола ма? Әрине, жоқ», – дейді Джансугурова.
Мұның себебі ретінде ғалым қазақ қоғамында кең тараған асырап алу дәстүрін атайды. Кейде балаға оның асыранды екені айтылмаған, ал ол тіпті басқа ұлттан болуы да мүмкін.
Кожа руы және доминантты желінің болмауы
Кейбір руларда мүлде басым генетикалық желі жоқ. Мысалы, жүзге кірмейтін кожа руы. Олар – ислам дінін таратқан уағызшылардың ұрпақтары, өзара туыстық байланысы болмаған. Сондықтан олардың генетикалық желілері де әртүрлі.
Жалпы алғанда, ДНҚ арқылы ірі ру емес, жекелеген тармақтарды немесе әулеттерді анықтау әлдеқайда оңай. Себебі соңғы бірнеше ұрпақта пайда болған мутациялар арқылы нақты бір ортақ атаны табуға болады.
Ана жағы және генетикалық үлес
Шежіре жасағанда көбіне ана жағы есепке алынбайды. Ал аналар басқа рудан, тіпті басқа ұлттан – татар, ұйғыр және т. б. болуы мүмкін.
Генетикалық тұрғыдан әке мен ана баласына 50%-дан береді, бірақ олардың рөлі бірдей емес:
-
әке – Y-хромосоманы (өте аз гендермен);
-
ана – митохондриялық ДНҚ-ны, яғни энергия алмасуға жауапты гендерді береді.
Қазақты ДНҚ арқылы анықтауға бола ма?
Иә, қазір бұл мүмкін, бірақ өте күрделі. Ол үшін толық геномдық талдау қажет.
Қазір Институтта өз шежіресін нақты білетін 898 қазақ ер адамның толық геномы зерттелген. Олар – әртүрлі ру мен өңір өкілдері.
Зерттеу нәтижесінде қазақтар:
-
еуропалықтардан;
-
оңтүстік азиялықтардан (тай, вьетнам, оңтүстік қытайлықтар);
-
шығыс азиялықтардан (хань, корей, жапон) айқын ерекшеленетіні анықталған.
Бұл айырмашылық тек толық геномды зерттегенде ғана көрінеді. Y-хромосома немесе митохондриялық ДНҚ бойынша мұндай айқындық жоқ.
Қазақтар көршілес түркі халықтарынан – өзбек, қырғыз, ұйғырлардан да белгілі бір деңгейде ерекшеленеді. Бірақ ол үшін көрші халықтардың да жүздеген геномдық үлгілері қажет.
Қазақ генетикалық қауымдастығы қашан қалыптасты?
Лейла Джансугурованың айтуынша, көне ДНҚ зерттеулері қазақтардың біртұтас генетикалық қауымдастығы Қазақ хандығы құрылған кезеңде, шамамен XV ғасырда қалыптаса бастағанын көрсетеді.
«Біз сақтардан немесе ғұндардан тікелей генетикалық сабақтастық көріп отырған жоқпыз. Қазіргі қазақтар – генетикалық тұрғыдан жаңа қауымдастық», – дейді ғалым.
Оған шежіре, жеті ата дәстүрі әсер еткен: араласуға мүмкіндік беріп, бірақ жақын туыстықтан сақтаған. Сондықтан бүгінде әртүрлі жүз бен ру өкілдерінің арасында айырмашылықтан гөрі ұқсастық көп.
Сонымен қатар барлық қазақтың ДНҚ-сында аз мөлшерде:
-
түркілік,
-
ирандық,
-
ең бастысы – протомоңғолдық генетикалық қоспалар бар.
Бұл – қазіргі халха-моңғолдар емес, Шыңғысхан дәуірінен де бұрын өмір сүрген көне тайпалардың ізі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз