Қазақстанға жұмыртқа импорттауға қатысты жаңа шектеулер енгізіледі. Бұл шешім Сыртқы сауда мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданды, деп хабарлайды CMN.KZ
Отырыста картоп экспортына тыйым салу енгізілмейтіні айтылды. Себебі ішкі нарықтағы баға тұрақтанып, жеткілікті қор қалыптасқан.
Сонымен қатар сиыр етін экспорттайтын кәсіпкерлер үшін квота алу талаптарын жеңілдету туралы шешім қабылданды.
«Қолданыстағы квота бөлу механизмі бірқатар талаптарды қамтиды. Оның ішінде кемінде 5 мың басқа арналған жеке бордақылау алаңы мен жеке ет комбинатының болуы қажет», – деп еске салды комиссия мүшелері.
Бұл шешім қабылданғанда үкімет бекіткен Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары ескерілді. Құжатта ірі қара мал санын 7,9 миллионнан 12 миллион басқа дейін арттыру, сондай-ақ қазақстандық сиыр етінің экспорттық әлеуетін кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығару қарастырылған.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі квота бөлуге қатысты қолданыстағы ережелерге тиісті өзгерістер енгізеді», – делінген хабарламада.
Сонымен бірге аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі және ұсақ малдың аналық басын, сондай-ақ бұқашықтарды экспорттауға қойылған тыйымның мерзімі ұзартылды. Бұл шектеу ЕАЭО елдеріне де қатысты.
Ал тауық жұмыртқасының импортына келсек, оның ішінде ЕАЭО елдерінен де әкелуге алты айға тыйым енгізіледі.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз