Үкіметтегі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан фермерлердің бірі айтқан «етке әділ баға 10–12 мың теңге болуы керек» деген пікірге қатысты түсініктеме сұралды, деп хабарлайды CMN.KZ.
Министр бұл бағамен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, өндірушілер мал шаруашылығы көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырғандықтан, жоғары бағаға мүдделі болуы мүмкін.
«Қазіргі таңда экспорттық баға еттің санатына қарай 4,5–6 мың теңге аралығында», – деді Сапаров.
Министрдің айтуынша, ішкі нарықтағы баға бұдан төмен.
«Тірі салмақта баға 1,6–1,8 мың теңге аралығында, орта есеппен шамамен 1,7 мың теңге. Мұны ет бағасына айналдырсақ, шамамен 3–4 мың теңге болады», – деп нақтылады ол.
Осылайша, әлеуметтік желілерде айтылған 10–12 мың теңге көлеміндегі баға қазіргі нарықтық жағдайға сәйкес келмейді.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз