Мәжіліс депутаттары «Эпштейн файлдарына» байланысты қазақстандық шенеуніктердің ықтимал байланыстары мәселесін көтерді. 25 ақпанда депутат Асхат Рақымжанов осыған қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Ол Бас прокурор Берік Асылов пен ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа құжат жолдап, Джеффри Эпштейнге қатысты жарияланған материалдарда аты аталған Қазақстан азаматтарын тексеруді сұрады.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды.
«Жарияланған құжаттарда “Ескі Қазақстанның” саяси элитасының өкілдері, жоғары мемлекеттік лауазым атқарған тұлғалар аталады. Мұндай деңгейдегі шенеуніктердің моральдық бейнесі мен жеке байланыстары – жеке мәселе емес, бұл ұлттық қауіпсіздік пен елдің беделі мәселесі», – деді Рақымжанов.
Ол, мысалы, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК төрағасы болған Карим Масимовтың аты жазбаларда бірнеше рет кездесетінін атап өтті.
Депутат сондай-ақ бірқатар сұрақ қойды:
– Жоғары лауазымды қазақстандық шенеунік не үшін Эпштейнмен кездесуге бастамашы болды?
– Бұл кездесулер қай жерде өтті?
– Олар белгілі аралда ұйымдастырылды ма?
Рахимжановтың сөзінше, құжаттарда Эпштейннің Қазақстанға бірнеше рет келгені көрсетілген. Сонымен бірге халықаралық зерттеулерде АҚШ-та қайғылы жағдайда қаза тапқан қазақстандық модель Руслана Коршунованың аты аталады.
Депутат өз сауалында:
- «Эпштейн файлдарында» аты аталған қазақстандық лауазымды тұлғалар мен оларға аффилирленген адамдарды тексеруді;
- басқа саясаткерлердің, кәсіпкерлердің және шоу-бизнес өкілдерінің ықтимал байланыстарын анықтауды;
- ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беруді;
- тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы Парламент пен қоғамға ақпарат беруді талап етті.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз