9 қаңтар күні кешке әлеуметтік желілерде Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің подъезінде түсірілген қорқынышты видео тарады. Кадрлар шиеленіскен сюжеті бар үрейлі фильмді еске салады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Бейнежазбада жалаңаяқ әйел баспалдақпен төмен түсіп бара жатады, артында қан ізі қалған. Оның соңынан пышақ ұстаған адам жүгіріп, соққысын аяқтауға тырысады.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қанды оқиға қаладағы пәтерлердің бірінде болған. Ол жерде үш адам спирттік ішімдік ішіп отырған.
«Оқиға барысында қатысушылардың біріне көптеген пышақ жарақаты салынған, алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір әйел пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жеткізілді», – деп түсіндірді құқық қорғау органдары.
Күдікті ұсталды. Аталған дерек бойынша адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу баптарымен қылмыстық іс қозғалды.
CMN.KZ ресми Telegram арнасына жазылыңыз